Жасанды интеллектіні қолдану
Жасанды интеллектті ғылыми мақалаларда қолдану ережелері
Редакция алқасы 2011 жылғы 31 наурыздағы №127 бұйрыққа (2025 жылғы 6 қаңтардағы №4 бұйрықпен енгізілген өзгерістермен) сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің №1 қосымшасының 5-тармағында көзделген қағидаттарды басшылыққа ала отырып, ғылыми жарияланымдарда жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын пайдалану жөніндегі өз ұстанымын айқындайды.
Заң ғылымдарының ерекшеліктерін және академиялық адалдық қағидаттарын ескере отырып, Редакция жауапты, этикалық және ашық ЖИ технологияларын пайдалану саясатын ұстанады.
Редакция ЖИ технологияларын тек көмекші мақсаттарда қолдануға рұқсат береді және төмендегі талаптардың қатаң сақталуын талап етеді:
- Авторлар ЖИ технологиялары арқылы алынған ақпараттың дұрыстығы, қауіпсіздігі және этикалық тұрғыдан пайдаланылуы үшін жауапты болады.
- Зерттеу нәтижелері, қорытындылары мен ұсынымдары авторлар тарапынан өз бетінше, ЖИ-дің ықпалынсыз тұжырымдалуы тиіс.
- Авторлар ЖИ қолданылған жағдайда оны ашық көрсетуге міндетті:
- технология қай кезеңде және қандай мақсатпен қолданылғанын;
- алынған деректердің нақтылығы мен түсіндірмесін қалай тексергенін;
- технология туралы мәліметтерді: атауы, әзірлеушісі (кұкық иесі), нұсқасы, жүгіну және пайдалану күні.
Дереккөзге сілтеме үлгісі:
OpenAl (2023) ChatGPT (генеративті жасанды интеллект интерфейсі). Қолжетімді: https://chat.openai.com/chat (Қаралған күні: 2025 жылғы 1 маусым).
- ЖИ технологияларын қолдану туралы мәліметтің болмауы – олардың пайдаланылмағанының дәлелі ретінде қарастырылады.
- ЖИ тек статистикалық деректерді өндеу үшін (сауалнамалар, тесттер, зерттеу нәтижелері және т.б.) қолданылуы мүмкін.
Редакция келесі жағдайларда ЖИ технологияларын пайдалануға тыйым салады:
- мақаланың кез келген бөлімін (аннотация, кіріспе, әдебиетке шолу, әдістеме, нәтижелер, талқылау, қорытынды, әдебиеттер тізімі) генерациялау үшін;
- технология туралы мәліметтерді (атауы, нұсқасы, иесі, жүгіну күні) ашпай қолдану кезінде.
- плагиатты анықтау жүйелерін айналып өту немесе плагиатты жасыру мақсатында;
- өзге авторлардың мәтіндері мен идеяларын бұрмалап, иемдену мақсатында;
- 13 жасқа дейінгі балалар қатысатын зерттеулерде, этикалық шектеулерге және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау қажеттілігіне байланысты;
- нақты зерттеу жүргізбестен жалған эксперименттік деректер жасау үшін.
Редакция ЖИ технологияларын пайдалану ашық, шектеулі және академиялық этика қағидаттарына сәйкес болуы тиіс екенін атап өтеді. Бұл ереже авторлық еңбектің сақталуын және жарияланымның ғылыми сенімділігін қамтамасыз етеді.






