Антропогенді ластаған биогеоценоздарды диагностикалауда топырақ мезофаунасының түр құрамын пайдалану
Қаралымдар: 18 / PDF жүктеулері: 19
Кілт сөздер:
жауын құрттары, антропогенді ластану, түр құрамы, топырақ үлгілері, биоиндикатор, ауыр металдарАңдатпа
Топырақ омыртқасыздары топырақ агрегаттарының түзілуі, судың сақталуы және органикалық заттардың сіңірілуі сияқты топырақтағы көптеген негізгі процестердің маңызды қозғаушы күші болып табылады. Жауын құрттары топырақтың тұрақты мекендеушісі бола отырып, сол ортаның жай-күйінен хабар беруші индикатор рөлін атқарады. Бұл жұмыста люмбрицидтердің түр құрамы мен санын зерттеу арқылы қалалық және қала маңы биогеоценоздарының антропогендік ластануы анықталды. Алматы қаласы мен облысының 8 учаскесінен топырақ үлгілері алынып, физико-химиялық көрсеткіштері зерттелді. Фондық және әлсіз ластанған биогеоценоздарда жауын құрттары орта есеппен 64,6%, ал ластанған аймақтардағы көрсеткіші 55,2% құрайды. Қалалық және фондық (табиғи) биоценоздардағы улы элементтердің құрамын анықтау кезінде мезофаунаның түрлік және сандық құрамына әсер ететін 4 негізгі элемент анықталды: қорғасын, кадмий, мышьяк және сынап. Кадмий мен мышьяктың максималды мөлшері мұнай базаларына жақын топырақта байқалады: кадмий мөлшері 0,25±0,0024 мг/кг, ал мышьяк мөлшері 2,84±0,05 мг/кг құрады. Ал, Алатау ауданына қарасты Алғабас ықшам ауданының жылу электр станциясына жақын жердегі топырақта қорғасын мен сынаптың ең жоғары мөлшері тіркелді, олар сәйкесінше 16±0,70 мг/кг және 0,048±0,012 мг/кг-ға жетті.