Перикарпы боялған күріш генотиптеріне амилоза мөлшері бойынша скрининг
Қаралымдар: 104 / PDF жүктеулері: 98
Кілт сөздер:
перикарпы боялған күріш, қара күріш, қызыл күріш, амилоза, крахмал, амилопектин, гибридтерАңдатпа
Күріш ежелгі ауылшаруашылық дақылдардың қатарына жатады. Крахмал мен белок дәннің негізгі компоненттері болып табылады. Сонымен қатар, майлар, минералдар мен витаминдер кездеседі. Әр елде күріш сапасы бойынша талаптар әртүрлі. Мысалы, Филлиппин аралдарында, Бангладеште және Индияда пісіргенде езілмейтін амилозасы жоғары күріштерді жақсы көреді. Ал Жапонияда, Египетте және Кореяда төмен амилозалы сорттарды артық көреді. Қытайда, Мьянмада, Непалда және Малайзияда барлық сорттарды пайдаланады.
Крахмал күріштің тағамдық және аспаздық қасиетіне әсер ететін ең басты фактор болып табылады. Астық тұқымдастардағы крахмал эндоспермнің крахмалында түйіршікке полимерленген С6-қанттан тұрады. Полимерленудің екі түрі белгілі: өзара гликозидті байланыспен байланысқан қанттың түзу тізбегінен тұратын амилоза және тармақталған тізбегінен тұратын амилопектин.
Дәннің жарық-оптикалық қасиеттері де крахмалдың полимерлену түріне байланысты. Құрамында 20-30% амилоза бар дәндерде эндосперм – мөлдір, ал балауыз крахмалдары бар дәндерде – бұлыңғыр болады. Құрамы бойынша крахмал дәндері глютинозды және глютинозсыз болып бөлінеді. Алайда бұдан да басқа аралық түрлер кездеседі.
Амилоза гликозилтрансфераза ферментімен синтезделеді және дәннің қор крахмалының 30% құрайды, ал қалған бөлігі амилопектиннен тұрады. Глютинозды күріштің крахмалы тек амиолопектиннен тұрады.
Амилозаның мөлшері маңызды көрсеткіштердің бірі және дәнді бағалауда жақсы индикатор болып табылады. Күріш жармасының аспаздық қасиеті амилозаның мөлшеріне байланысты (пісу және суды сіңіру коэффициенті, ботқаның қоюлығы және дәмі). Елімізде осы уақытқа дейін перикарпы боялған күріш генотиптеріне амилозаның сандық мөлшері бойынша мақсатты зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан перикарпы боялған күріш генотиптері мен олардың ата-аналық түрлеріне биохимиялық скрининг жүргізу қолға алынды.
Мақалада перикарпы боялған күріштің F6-F7 ұрпақтарының гибридтеріне амилоза мөлшері бойынша биохимиялық талдаудың нәтижесі көрсетілген. Зерттеу нәтижесінде зерттеліп отырған үлгілердің ішінде жоғары амилозалы сорттар жоқтығы анықталды және амилоза мөлшері 0-ден 24,5% дейін ауытқыды. Зерттеліп отырған генотиптер 4 топқа жіктелді.