Катонқарағай және Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи парктері аумақтарындағы Physaraceae тұқымдасына жататын нивальды миксомицеттердің морфологиялық белгілеріне салыстырмалы талдау
Қаралымдар: 7 / PDF жүктеулері: 14
DOI:
https://doi.org/10.32523/2616-7034-2026-155-2-134-148Кілт сөздер:
морфологиялық талдау, биік таулы экожүйелер, Қазақстан, таксономия, диагностикалық белгілер, споралардың орнаментациясыАңдатпа
Бұл зерттеуде Катонқарағай және Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи парктері аумағында анықталған Physarum Pers. туысына жататын нивальды миксомицеттердің морфологиялық белгілеріне салыстырмалы талдау жүргізілді. Жұмыстың мақсаты – морфологиялық ұқсастығы жоғары және тұқымдастың таксономиялық қайта қаралуы жалғасып жатқан жағдайда нивальды таксондарды ажыратуға мүмкіндік беретін диагностикалық маңызды белгілерді анықтау. Зерттеу материалы 2025 жылдың көктемінде Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның биік таулы аймақтарында қардың белсенді еру кезеңінде, теңіз деңгейінен 1570–3180 м биіктікте жиналды. Жарық микроскопиясы әдісімен 56 үлгіге морфологиялық зерттеу жүргізіліп, спорокарптардың, перидийдің, капиллицийдің, колумелланың және споралардың белгілеріне ерекше назар аударылды. Нивальды миксомицеттердің төрт таксоны анықталды: Badhamia albescens (Ellis ex T. Macbr.) J.M. García-Martín, J.C. Zamora & Lado, Nannengaella alpestris (Mitchel, S.W. Chapm. & M.L. Farr) J.M. García-Martín, J.C. Zamora & Lado, Physarum nivale (Meyl.) Mar. Mey. & Poulain және Physarum vernum Sommerf. Ең көп кездескен түр Ph. vernum болды (45 үлгі), ал N. alpestris, Ph. nivale және B. albescens сәйкесінше 6, 4 және 1 үлгімен ұсынылды. Ең маңызды диагностикалық белгілер ретінде жемісті денелердің типі мен пішіні, аяқшасының болуы, перидий мен капиллицийдің әктену дәрежесі мен сипаты, колумелланың болуы мен морфологиясы, сондай-ақ споралардың мөлшері мен орнаментациясы анықталды. N. alpestris, Ph. nivale және Ph. vernum үлгілері жалпы алғанда өздерінің бастапқы сипаттамаларына сәйкес келеді, ал B. albescens түрінің кейбір қазақстандық үлгілері айтарлықтай айырмашылықтар көрсетіп, өңірде әлі сипатталмаған жақын туыстас таксондардың болуы мүмкін екенін көрсетеді. Алынған нәтижелер нивальды Physarum өкілдері үшін морфологиялық белгілердің жоғары диагностикалық маңызын растайды және Қазақстандағы кешенді морфологиялық әрі молекулалық зерттеулердің болашағы зор екенін көрсетеді.






