Ұлытау облысы флорасындағы Apiaceae Lindl. тұқымдасы
Қаралымдар: 147 / PDF жүктеулері: 66
DOI:
https://doi.org/10.32523/2616-7034-2026-154-1-24-47Кілт сөздер:
Apiaceae тұқымдасы, түр, туыс, таксономия, экология, Ұлытау аймағыАңдатпа
Мақалада Ұлытау облысы аумағында Apiaceae тұқымдасына қатысты әдеби деректердің, гербарий қорларының және экспедициялық материалдардың кешенді талдау нәтижелері келтірілген. Зерттеу барысында 30 туысқа жататын 66 түр анықталды. Бұл тұқымдас аймақтың негізгі фитоценоздарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, жетекші он тұқымдастың қатарына кіреді. Түрлік әртүрліліктің жоғары болуы далалық, шөлді және таулы экожүйелердің үйлесімімен, сондай-ақ облыстың Ирано-Тұран флоралық аймағында орналасуымен түсіндіріледі. Түрлік әртүрліліктің ең жоғары көрсеткіші Жаңаарқа ауданында (63 таксон) байқалды, мұнда ксерофиттер мен галофиттер басым. Ең ірі туыстар – Ferula (17 түр), Seseli (9 түр), Prangos, Sium, Palimbia, Hyalolaena (әрқайсысы 3 түрден), Cuminum, Pastinaca, Peucedanum және Trinia (әрқайсысы 2 түрден), қалған 20 туыс бір түрмен ғана көрсетілген. Өмірлік формалар бойынша көпжылдық өсімдіктер (84,6%) басым. Экологиялық топтар арасында ксерофиттер (60,5%) көп, негізінен Ferula, Prangos және Seseli туыстарына жатады. Топырақтың тұздануына байланысты 8 галофит және 11 мезогалофит түрі анықталды, олар негізінен сортаң және сор топырақтарда өседі. Облыс аумағында бір Қызыл кітапқа енгізілген түр – Saposhnikovia divaricata және бес субэндемик таксон тіркелді: Palimbia defoliata, Prangos ledebourii, Sium medium, Seseli eriocephalum, және S. coronatum. Бұл түрлер шектеулі таралған және белгілі биотоптарға тән, сондықтан оларды қорғау мен мониторинг жүргізу қажет. Ресурстық әлеуетті талдау нәтижесінде 58 түр (87,8%) дәрілік өсімдіктер болып табылатыны анықталды: Carum carvi, Falcaria vulgaris, Ferula soongorica, F. tatarica және тағы басқа спазмолитикалық, қабынуға қарсы және жалпы күшейткіш әсері бар түрлер. Кейбір түрлер мал азықтық, эфир майлы және сәндік өсімдік ретінде пайдалануға болатыны анықталды. Ұлытау облысының Қызыл кітабына енгізуге перспективалы түрлерді анықтау мақсатында сирек немесе кездейсоқ таралған түрлер талданды.






